Қазақстандық тағам өнеркәсібі өнімдерін Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдеріне кең көлемде экспорттауға жол ашылды.
Халықаралық дистрибьюторлармен, трейдерлермен, бөлшек сауда желілерімен және HoReCa операторларымен тікелей B2B байланыстар орнатылды. Бұл туралы Дубайда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылды.
Айдарбек Сапаров өз сөзінде соңғы 5 жылда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 2 есе өсіп, 6 миллиард АҚШ долларынан асқанын атап өтті. Өткен жылы елімізден сыртқы нарықтарға 91,3 мың тонна ет жөнелтілді, оның 29,4 мың тоннасы – қой еті.
Дөңгелек үстелде Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық мүмкіндіктерімен қатар инвестициялық әлеуеті де таныстырылды. Өткен жылы бұл сектордағы өндірістің жалпы көлемі 20 миллиард АҚШ долларын құрады. Соңғы 2 жылда астықтан рекордтық өнім жиналды.
Еске сала кетейік, осы күндері Дубайда «GulFood» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Оған әлемнің 195 елінен мыңдаған компания қатысуда.